2026 жылдың 10 наурызында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Омран Шейхмустың «Наурыз бояулары» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді. Көрме экспозициясында суретшінің 60-тан астам кескіндеме туындысы көпшілік назарына ұсынылады.
Омран Шейхмус – күрд суретшісі. Ол 1967 жылы Сирияның Амудaв қаласында дүниеге келген. Алғашқы жоғары білімін Дамаск университетінде алған. Кейін халықаралық алмасу бағдарламасы аясында техникалық мамандық бойынша оқу үшін Мәскеуге жіберіледі. Жолдамамен Алматы қаласына келіп, 1993 жылы политехникалық институтты бітіріп, мұнайшы-инженер мамандығы бойынша диплом иеленеді.






