Оқиғалар

Бояулар құпиясы

2026 жылғы 13 мамыр күні сағат 10:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «Бояулар құпиясы» атты республикалық жас суретшілер байқауының қалалық кезеңінің көрмесі ашылады. Көрмені ұйымдастырушылар – Алматы қаласы Білім басқармасы мен «Өнер мектебі» КМҚК.

Байқаудың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің көркемдік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, жас дарындарды қолдау, сондай-ақ олардың әлемдік және отандық бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру.

Көрмеге Алматы қаласының жалпы білім беру және қосымша білім беру ұйымдарынан 12–17 жас аралығындағы 120 оқушысы қатысады. Олар – аудандық кезеңдердің жеңімпаздары.

Экспозицияда әртүрлі техникада орындалған жұмыстар ұсынылады: акварель, кескіндеме, графика, пастель және аралас техника.

Жас суретшілер өз туындыларын келесі номинациялар бойынша ұсынады:

  • «Қазақстан бояулары: Менің шаңырағым – Қазақстан Республикасы» — туған жер, отбасы және ұлттық құндылықтар тақырыбы;

  • «Тірі ғаламшар» — экология, табиғатты қорғау және қоршаған орта мәселелері;

  • «Бейбітшілік пен мейірімділік біздің қолымызда» — бейбітшілік, достық және адамгершілік идеялары.

 

Қатысушылардың жұмыстары кәсіби қазылар алқасы тарапынан көркемдік шеберлік, идеяның ерекшелігі мен тақырыпты ашу тереңдігі бойынша бағаланады.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар I, II, III дәрежелі дипломдар және сыйлықтармен марапатталады, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.

«Бояулар құпиясы» көрмесі — жас суретшілердің көзқарасы арқылы әлемді көруге, олардың шынайы шығармашылығын сезінуге және жаңа есімдерді ашуға мүмкіндік беретін ерекше мәдени шара.


Көрме кураторы: Айсұлу Үсентаева

Instagram ресми парақшасы