2026 жылдың 12 мамырында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында белгілі қазақстандық апалы-сіңлілі суретшілер - Ғалия және Балхия Құсаиыновалардың «ҮШ ӨЗЕК» атты көрмесінің ашылуы өтеді.
Ғалия және Балхия Құсаиыновалар (GaBo шығармашылық тандемі) – қазіргі Қазақстан өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан суретшілер. Олар 1969 жылы 29 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Кәсіби қалыптасуы Ленинградтағы Бүкілресейлік саңыраулар қоғамының көркемсурет училищесімен (1994) және Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясымен (1994-1999) тығыз байланысты. Осы кезеңде олардың сәндік өнер мен концептуалды көркем ойлау синтезіне деген қызығушылығы айқын қалыптасты.
2003 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, өнер саласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаттары. 2006 жылы Италияда өткен «Simpatia» халықаралық сыйлығына ие болған. Олардың шығармашылығы республикалық және халықаралық көрмелерде кеңінен ұсынылып келеді, ал туындылары Қазақстан, Еуропа, Ресей және АҚШ музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.
Көрмеде соңғы жылдары жасалған 90-ға жуық жұмыс ұсынылған. Экспозиция жеке авторлық туындыларды да, GaBo атты ортақ шығармашылық тандем аясында орындалған жұмыстарды да қамтиды. Көрме олардың көркемдік тілінің ерекшелігін және бірлескен авторлық феноменін айқындай отырып, кескіндеме, графика және керамика сынды үш бағытты қамтиды.
Көрме тұжырымдамасы үш негізге, яғни форма, түс және сызыққа негізделген. Олар сәйкесінше керамика, кескіндеме және графика арқылы көрініс табады. Бұл «өзек» тек көркемдік құрал шеңберінен шығып, авторлардың дүниетанымдық ұстанымын да айқындайды. Апалы-сіңлілі Құсаиыновалардың шығармашылығы махаббат, жан тебіренісі және өмірді пайымдау тақырыптарымен астасып, ұлттық бояу, мифологиялық бейнелер және нәзік лирикалық сезіммен үйлесіп, көрерменді ішкі сұхбатқа жетелейді.
Ғалия және Балхия Құсаиыновалардың көркем тілі сәндік мәнерлілік пен философиялық мазмұнның үйлесіміне құрылған. Жеке эмоциялар, мәдени кодтар және архетиптік бейнелер символдық жүйеге айналып, өнерді жадыны, сезімді және адам тәжірибесін ұғынудың құралы ретінде танытады.
Көрме көрермен үшін терең пайым мен ішкі сұхбатқа жол ашатын кеңістік қалыптастырады. GaBo туындылары біртұтас көркем жүйе ретінде қабылданып, өнердің сезім мен мағынаны жеткізетін әмбебап тіл екендігін айқындайды.
Көрме 2026 жылдың 24 мамырына дейін жалғасады.
Жұмыс уақыты: 10.00 - 19.00.
Демалыс күні: дүйсенбі
Куратор: Серікбай Меруерт Балқыбекқызы

