Зерттеулер

Қазақ мультфильмінің қарлығашы Әмен Қайдардың туындыларындағы бейнелеу кеңістігі мен кейіпкерлер

Анарбаева Д. С.
ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы
өнер мұражайының Классикалық шетел
өнер орталығының ғылыми
қызметкері, өнертану магистрі
 
Қазақ мультфильмінің қарлығашы Әмен Қайдардың туындыларындағы бейнелеу кеңістігі мен кейіпкерлер

Қазақ мультфильмнің бастауы Қазақстан республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әмен Әбжанұлы Қайдардың есімімен тығыз байланысты.

Әмен Қайдардың өмір жолы сонау Ұлы Отан соғысы жылдарынан басталады. Ол  10-шы сыныпты бітірісімен, өз еркімен сұранып, бірден майдан даласына аттанады. Соғыстан оралғаннан кейін ол, сол кездері қазақ жерінде сирек кездесетін мамандықтың бірі суретшілікті меңгеруге ұмтылды. Әмен Әбжанұлы 1946–1950 жылдары Алматы театр және көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын «Қазақстан әйелдері» журналының көркемдік редакторлығынан бастап, сонымен қатар, әзіл – сықақ «Ара» журналында, саяси графика саласында түрлі суреттер салып, қызмет атқарды. Жасы отыздан асқанда, білімін ары қарай ұштау үшін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематографиялық институтының көркемсурет факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп, ол өзінің ең алғашқы мультфильм сценарийін жазды. Оның ұйықтаса түсінен, ойласа есінен кетпей жүрген мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деп аталған еді.
Көптен бері арманында жүрген мақсаттары жүзеге асырылып, орындала бастайды. Қазақ киносының тарихындағы бірінші мультипликациялық топты ұйымдастыру Әмен Әбжанұлына сеніп тапсырылды. Осы жылдары жас суретшілерге киностудия мен Республикамыздың кино басшылығы үлкен қолдау көрсетті. 1966 жылдың сәуір айында Әмен Қайдар бастаған топ «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты, бір бөлімді, түрлі-түсті графикалық мультфильмді жасауға кірісіп кетеді. Мультфильмнің режиссерлігі де, сценарий жазу да өзіне тапсырылады. Ол кездері техникада қазіргі мүмкіндіктер қайдан болсын. Сондай қиындыққа қарамастан, Әмен Әбжанұлы жоқтан бар жасауға бел буады. Ол уақытта өндірістік база мен кәсіпқой кадрлар жоқтың қасы еді. Бұрын кино саласында жұмыс істемеген суретшілер, сурет түрінде салынған мультфильм жасау – күрделі және көп еңбекті қажет ететін техникамен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Фильмді жасау ұзаққа созылып кетті. Алғашында күдікпен қарағандар да болды. Жас суретшілер жұмыстарын әліптен бастады. Қарапайым мультқозғалыстарды меңгере отырып, сурет өнерінің белгілі заңдары мен ұстанымдарына бейімделді. Сонымен қатар, киноматографиялық уақыт пен кеңістікке баса назар аударылды. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі  1967 жылдың тамыз айында жарыққа шықты. Кино топтың бірінші фильмі болған соң, мультфильм еліміздің ірі киностудиясының фильмдерімен қатар көрсетіле бастады. Жаңа мультфильмді көрермен қауым жылы қабылдады, әсіресе, оның ішінде бүлдіршіндер үшін ең тамаша мультфильм болып шықты. Кезінде кеңестік кино шеберлері де жоғары баға берді. Кейін ол, Ленинград қаласында өткен 3–ші Бүкілодақтық кинофестивалінде жүлдеге ие болады. Сондай–ақ, 48 елде көрсетілді. 1975 жылы Халықаралық Нью–Йорк мультфильмдер фестивалінде «Қола Праксиноскоп» жүлдесін жеңіп алады. Көптеген жүлделерге ие болған қазақтың тұңғыш мультфильмінің үлкен жетістікке жетуінің құпиясы – ұлттық фольклордың негізімен үндесіп, халық музыкасымен қабысып жатуында болса керек. Қазақ мультипликациясы – Қарлығаш бейнесі ретінде әлемнің барлық құрлықтарын аралап, дүниежүзілік аренада өз орнын алды. Яғни, қазақ мультипликациясының тарихы осы қарлығаш туралы аңыздан басталады.
Сюжеттік көріністе орта азиялық кілемдер мен миниатюралардың, ою ‑ өрнектерінің классикалық стиль элементтері кеңінен пайдаланған. Графикалық мультфильм мен шығыс миниатюрасының ара қатынасындағы сабақтастық көзге айқын көрінеді. Мультфильм жасаушы суретшінің басты мақсаты - картинаны миниатюраға немесе ою‑өрнекке стильдеу емес, шығыс миниатюрасы мен қазақ ою‑өрнегінің пластикалық элементтерінің көркемдік дамуын жетілдіруге баса назар аударған.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі өзінің лирикалық нақышымен көрерменді бірден баурап алады. Әсем көріністерді жасаған көңіл–күй мен түстік колорит өз мәнін аша түседі. Кинокадрлар құрылысы қарапайым, бөлшектермен жүктелмеген. Бояулары нәзік және ашық. Көңіл–күй бойынша фон келесі оқиғаны дайындайды, сол оқиғаның іс ‑ әрекетін жасайды. Рольдерді орындаушы адамдар, хайуанаттар мен әсем көрініс, фольклорлық кейіпкер мен ұлттық ертегі ортасының стилистикалық бірлігі мен үйлесімділігінің өзіндік бейнелеу пластикасын жасайды.
Әдебиеттік негізі мультфильмнің жанрлық ерекшеліктерін, оның кеңістік – уақыт, бейнелеу және музыкалық шешімдерін анықтады. Картинада оқиғаның сыртқы сұлбасы ғана сақталған. Жақсы ойластырылған және шыңдалған драматургия нәтижесінде адам өмірін сақтау мақсатында құйрығының бөлігінен айрылған Қарлығаш тарихы экранда ақындық және тереңдетілген пәлсапалық нысанға ие болады. Мұнда бәрі логикаға сәйкес және кейіпкерлер белгілі бір ашық әлемде өмір сүреді. Сондықтан да, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісінде де қарама-қарсы күштер айқын көрсетілген.
Өкінішке орай, бұл фильм жақсылықпен аяқталмайды. Атап айтқанда, бір тамшы адам қанынан далаға гүлдер шықса, ал жерге түсіп жарылған Айдаһар денесінен кішкене жыландар жан–жаққа қашады. Яғни, Жамандық толық жоғалған жоқтығы айқындалып отыр. Ол бар, ол уақытша жеңіліс тапты. Жамандық қайтадан пайда болуы мүмкін. Сондықтан бұл мультфильмге хайуанаттар туралы дәстүрлі ертегі емес, балалар мен ересектерге бірдей қызық пәлсапалық маңызы бар мультаңыз түрінде қарау керек.
Мультипликациялық өнерге өнертанушы көзқарасымен қарайтын болсақ, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмнің бірінші кадрға арнайы жасалған эскизді талдауға міндеттіміз. Эскиздің негізгі тақырыбы – ол бейбітшілік пен тыныштық. Суреттегі түпкі ой – ананың өзінің кішкентай баласына деген махаббатында жатыр. Ал, сюжетке келетін болсақ, бұл жерде суретші мультфильмнің сюжетіне байланысты адам мен қарлығаш құсының арасындағы достықты бейнелеген. Бұл кадрда тұрмыстық жанрды көруге болады. Суреттегі композицияның негізгі элементтері: ана мен бала, олар қарапайым геометриялық фигураны – үшбұрышты құрайды. Эскизде ашық композиция көрсетілген, суретші панорамдық әсем көріністі бейнелегісі келді. Көлденең композиция кеңістікті, тереңдікті көрсетеді. Фигуралар көрерменге жақын орналасқанымен, артқы план керісінше, терең қыйырға жайылған. Эскиздегі ана мен бала негізгі кейіпкерлер болып табылады, олар суреттегі сюжеттік-композициялық орта. Ендігі композициялық элемент – ритмге келетін болсақ, оны біріншіден, кейіпкерлер отырған сырмақтағы оюлы әшекейлердің сызықтар ырғағында көруге болады. /1-сурет/ Көркемөнер шығармасының құрылысын талдағаннан кейін, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты арнайы бұл мультфильмге жасалған эскизді суреттеуге тоқталайық. Суретте қазақ халқының кең даласын көруге болады. Бірінші планда – ашық жасыл шөптің үстіне төселген әдемі ою ‑ өрнекпен безендірілген сырмақта ана мен нәресте және бесік бейнеленген. Бесік пен шаңырақ – қазақ халқы үшін ең киелі ұғымдар. Ә. Қайдар мультфильмдерінің өзегі де осы екі ұғымнан бастау алады. Шаңырақ – Отан болса, бесіктегі бала – бейбітшіліктің символы. Суретші ана мен нәресте арасындағы махаббатты, сүйіспеншілікті жақсы көрсеткен, өйткені ана мен бала - өмірдің жалғасы, ал екінші пландағы үй төбесінің астында қарлығаш құсының ұясы бейнеленген, мұнда да құс пен балапандарының бір-біріне деген жылы сезімін көруге болады. Сонымен қатар, аналық мейірімділікті суретші ана мен нәрестені айнала қоршаған құлыншақ пен бие, қозылар мен қойлар, бота мен інген және де бұзау мен сиыр, жемісі бар алма ағаш арқылы әдемі бейнелеген. Ал, эскизде көрсетілген кішкене бұлақ та - өмірдің белгісі, өйткені, өмір - өзен. Көркем, жылы жазды күні ана бесікті тербетіп, баласына бесік жырын айтып отыр. Ана бейнесі қарапайым қазақ әйелдерінің сары жиекпен әшекейленген күрең қызыл–күлгін түсті камзолында, қызғылт көйлекте, аяғында өкшесі бар қоңыр түсті етігімен көрсетілген. Қолында кішкентай баласы ұйықтап жатыр. Сары түсті көрпемен оралған күйінде бейнеленген. Кейіпкерлердің астындағы сырмаққа келетін болсақ, бұл жерде кілемнің ою‑өрнектері әр жерде бірдей болғанымен бояулық шешімдері қайталанбас түрде көрсетілген. Сырмақ «қос мүйіз», «қошқар мүйіз» өрнектерімен безендірілген. Дәл ортасында «қошқар мүйіз» ою‑өрнегі, шет–шетінде тұмар, шаршы оюлары бар. Мұндай өрнектер «туған жер төсін толтырған отар–отар қой болсын» деген халықтың арман–тілегін білдіреді. «Қошқар мүйіз» оюы молшылықтың нышаны ретінде қолданылған. Сырмақтың негізгі түсі ақшыл қоңыр, үстіндегі ою‑өрнектер қызғылт–сары түсті бейнеленген. Екінші планда, екі терезесі мен бір қоңыр есігі бар қызғылт–сары үй бейнеленсе, үй төбесінің астында қарлығаш құсының ұясы көрсетілген. Суретші қарлығаштың ұясын бұл жерде тектен–тек көрсеткен жоқ. Себебі, қарлығаш – адамның досы. Суретші адам мен қарлығаш арасындағы достықты көрсеткісі келді. Бейнелеу кеңістігі – ол қоршаған табиғат. Көгал жерлердегі жасыл шөп, кішкене алқызыл түсті гүлдер, сарғылт құм–жер. Үйдің артқы жағында жасыл, күлгін түсті ағаштар бейнеленген. Жалпы бұл эскиз жылы түстерде орындалған. Ашық, жылы түстер, мультфильмде – ізгілікті, қайырымдылықты, мейірімділікті, бейбітшілікті білдіреді. Қараңғылау, суық түстер – жамандықты, қулықты, жауыздықты, жарамсақтықты, қайырымсыздықты, сатқындықты көрсетеді. /2-сурет/
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен кейін Әмен Қайдар сурет түрінде салынған «Ақсақ құлан» фильмін жүзеге асырады. «Ақсақ құлан» да фольклорлық аңызға негізделген болатын. Бұл жолы фильм сюжеті ретінде халық ертегісі емес, эпикалық аңыз «Ақсақ құлан мен Жошы хан» туралы болды. Жошы хан Шыңғыс ханның үлкен баласы және Бату ханның әкесі еді. Бұрынғы дала аңызы бойынша, Жошы хан құландарды аулау кезінде мерт болған.
«Ақсақ құлан» ‑ өнердің күші мен мәңгілігін мадақтаған тамаша қазақ аңыздарының бірі. Жошы ханның өлімі туралы хабарды ұлы Шыңғыс ханға айтуға ешкімнің де батылы жетпеді. Қаралы хабаршыны қатал өлім жазасы күтіп тұрды. Ханзада Жошының өлімін Кет – Бұға жырау домбырамен күй түрінде орындап берді. Қаралы хабарды жеткізген домбыраға ашулы Шыңғыс хан қорғасын құюды бұйырды. Міне, содан бері домбыраның жоғарғы декасында тесік пайда болды. /3-сурет/
Орта Азия республикалары және Қазақстан киноматографистерінің сегізінші көрме – сайысында «Ақсақ құлан» (1969 ж.) фильмі – ең таңдаулы мультипликациялық фильм ретінде дипломмен марапатталған.
Әмен Қайдардың шығармашылығындағы ізденімпаздық қасиеті «Қожанасыр – құрылысшы» (1970 ж.) деген фильмде жаңа қырынан танылды. Экранда аңыз бейнесі – Қожанасырдың астарлы ирониялық күлкісі, пәлсапалық өткір шешімдермен өрнектелген. Ә. Қайдардың мультипликациялық ленталарының бейнелеу әлемінің жартылай түстері жоқ, нақты қарама – қарсы. Ол қара мен аққа, яғни Жақсылық пен Жамандыққа бөлінген. Тіпті әзілқой, тапқыр Қожанасырды түсіргенде де, ол өзінің көркемөнер бағытынан айнымайды. Ол пәлсапалық аңыз – фильмді түсіреді. Бұндай жанр сәйкестік сюжеттің құрылуын, іс‑әрекеттің дамуын талап етеді. Сөзі жоқ, тек ымдаумен орындалған фильм–толғаныстарда, фильм–тезистерде бірінші планға іс‑әрекет шығады. Бұл бағыттағы фильмдер айтылған ойлардың талдап қорытылуымен, мульткейіпкерлердің шартты карикатурасымен және нысанның әсем ықшамдалуымен сипатталады. «Қожанасыр – құрылысшы» фильмінде авторлар бұрында қолданылған әңгімелерден алшақтады. Экранда – тез қимылдық драматургия, яғни нысанның ықшамдылығы, ойды бейнелік модельдеу. Мультфильмнің сюжеті бойынша, далада үйсіз қалған Қожанасыр тастан киіз үй қалай бастайды. Жұмыс істеп отырып, ол көршілерінің пікірін тыңдайды, олардың ақылы бойынша, Батыс пен Шығыстың барлық сәулет стильдерін пайдалана отырып, құрылысын жалғастырады, бірақ та одан жөні түзу ештеңе шықпайды...
Ә. Қайдардың «Қожанасыр – құрылысшы» атты мультфильмі табысқа жетті. «Қожанасыр – құрылысшы» мультипликациялық фильмі 1972 жылы Тбилиси қаласында өткен 5 – Бүкілодақтық кинофестивальда арнайы дипломмен марапатталды және 1‑Халықаралық Загреб мультфильмдер фестивалында көрсетілді.
Келесі сурет түріндегі мультипликациялық фильмі «Құйыршық» (1969 ж.) деп аталады. Мульфильмнің сюжеті бойынша, шал мен кемпірдің кішкентай ақ ешкісі болады. Күндердің күнінде сол жақсы көретін ешкісін жабайы қасқыр жеп қояды. Ешкіден тек қана кішкене құйрығы қалады. Шал мен кемпір құйрықты алып, жабырқаңқы көңілде жылап отырады. Құйрыққа тамған жастан, ол кішкентай сүйкімді балаға айналып кетеді. Содан бастап, құйыршықтың қызық оқиғалары басталады.
Бүгінде қазақ мультипликациясы қайтадан қолға алынып, жаңадан жүріп келе жатқан сәби секілді аяқтан тұрып  келеді. Жаңа компьютерлік технологиялар арқылы жасалынған «Құйыршық» (2001 ж.), «Тағдыр» (2005 ж.) мультфильмдерінің тұсаулары кесіліп, дүйім жұртты қуантты. Тек бұл фильмдермен шектеліп қана қоймай, қазақ мультипликаторлары өз жұмыстарын әрі қарай жалғастыруды көздейді. Қазір үш сериялы «Құйыршықтың» төртінші сериясы жобаланып жатыр. Мұнда арманнан туған Құйыршық бала Шырақ деген атқа ие болып, қазақ тарихын аралап шығатын сүйкімді кейіпкерге айналады. /4,5-суреттер/
Аниматорлар сценарийді де өздері жазады, өздері жасайды. «Тағдыр» атты мультфильм сценарийінің авторы  Әмен Қайдар аға  бала көзімен өзі секілді майдан тылында болып келген ардагерлерге арнайды.
Сонымен, Әмен Қайдар жасаған мультипликациялық фильмдер көптеген халықаралық жүлделерге ие болды. Қазақ деген елдің бар рухани байлығын дүние жүзіне таныстырды. Мультфильмдер өз уақытында шет елдердің көрермендерін таң - тамашаға қалдырған. Оған басты себеп – қазақ мультфильмдерінің сапасы ғана емес, ұлттық нақыштағы ерекшелігі еді.
Жалпы, мультипликация өнерінің адам баласын тәрбиелеудегі құдіреті зор. Оның ана сүтімен санаға сіңетін зор күшке ие болып тұрғаны осы. Ендеше, осы ұлы өнердің – мультипликация саласына бүкіл ғұмырын арнаған Әмен Әбжанұлы Қайдар өте бақытты адам. Осы өмірдегі ойлаған арманына, абыройлы мақсатпен жеткен адамның бірі. «Әр елдің мәдениетінің шыңы – мультипликация» ‑ деген сөз бұл Әмен Әбжанұлының төл пікірі. Ә.Қайдар өмірінің басты мұраты – ұлттық мультфильм. Ұлттық мультфильмде ұлттық тәлім–тәрбие мол, ұлағатты ұлы өнерінің, әдебиетінің, мәдениетінің кіршіксіз айнасы екені белгілі.
Жалпы мультфильм, өнер саласының басын құрайтын – синтетикалық өнер. Ол ұлттық мәдениетіміздің бір іргелі саласы болып табылады. Мультфильм – елдің мәдениетінің өскендігінің бір белгісі. Ол жиынтық өнер. Онда әдебиет, сурет, саз, кино, театр бәрі-бәрі бар. Еліміздің ғасырлар бойы жинаған ауыз әдебиеті: ертегілер, аңыздар, қиссалар – мультфильм үшін таусылмайтын азық. Сонымен қатар, құнды қазына – қазақтың күйлері. Ә.Қайдар фильмдерінің музыкасын жазған аса көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиев болатын.
Қазіргі замандағы мультипликацияға шын мәнінде көңіл бөліп қарайтын болсақ, бұл сала өнердің ғажайып түріне айналған, яғни, кішкентай көрермендер түгілі үлкен адамдарды да күлдіреді, қуантады немесе қорқытып, жылатады, сондай–ақ тебірентіп, ойға қалдырады.
Мультипликация өнері ‑ өте күрделі еңбекті керек ететін үрдіс екені дәлел. Суретке жан бітіру – үлкен өнер. Мультфильм арқылы адамның тамаша жарқын ойларын іске асыруға болады. Ә. Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы», «Қырық өтірік», «Айна күн», «Құйыршық» т.б. атты мультфильмдері қазақ халқының рухани қазынасына қосылған қомақты дүниелер. Қазақстанда мультипликациялық киноның негізін қалаған – Әмен Қайдардың шығармашылығына зер салғанда, оны сом тұлғалы суретші-күрескер деп тануға тура келеді. Оның өмір жолы, көрген қиындығы, мультипликация саласында тәрбиеленген шәкірттерінің табыстары – оның шығармашылығына тікелей қатысты. Бұл күндері мультфильм жасаушылар қазақ мультфильмдерінің атасы Әмен Әбжанұлы салған сара жолды әрі қарай жалғастырып келеді. Бұл өмірдің заңдылығы.