Оқиғалар

«AlmaLine» суретшілер бірлестігінің ұйымдастырған «BYGIN» атты топтық көрменің салтанатты ашылуы өтеді

2026 жылдың 06 наурыз күні сағат 15:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде халықаралық «AlmaLine» суретшілер бірлестігінің ұйымдастырған «BYGIN» атты топтық көрменің салтанатты ашылуы өтеді.

Бұл көрме – сіз бен біз өмір сүріп отырған бүгінгі күнді көркемдік тұрғыдан ой елегінен өткізуге бағытталған маңызды мәдени оқиға. Осы уақытқа дейін Орталық Азия елдеріндегі кескіндеме дәстүрінде өткен шаққа деген сағыныш, этнографиялық идиллия мен пасторальдық сарындардың басым болғаны белгілі. Тіпті көп жағдайда бейнелеу өнері тарихи жады мен ұлттық болмыстың тұрақты бейнелерін қайта жаңғыртуға ұмтылып келетінін байқаймыз. Алайда бұл жолы «AlmaLine» тобының суретшілері сол үйреншікті көркемдік нарративке сын көзбен қарап, назарды бүгінгі сәттің өзіне бұрады. Олар қазіргі өмірдің сұлулығын урбанистік нақтылықтан, күнделікті тұрмыстың қарапайым формаларынан, заманауи технологиялардың адам болмысына тигізген ықпалынан және мезеттік көріністердің өтпелі табиғатынан іздейді.

Орталық көрме залында «Asia Art» шығармашылық бірлестігінің «Өмір жұпарын сезініп...» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді

2026 жылдың 3 наурызында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «Asia Art» шығармашылық бірлестігінің «Өмір жұпарын сезініп...» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, 2026 жылғы 27 ақпан мен 1 наурыз аралығы, Орталық көрме залында Орталық Азия қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтеді

Наурыз – көктем басы, күн шуағы төгіліп, тіршілікке жан бітер жаңа өмірдің жандануы. Бұл мезгіл – үміт пен шабыттың кезеңі. Ал 8 наурыз – нәзіктік пен сұлулықты дәріптейтін, әйелдер қауымы үшін ең сүйікті мерекелердің бірі! Бұл күннің айрықша символы – қызғалдақтар, ендеше көркем гүлдің құрметіне орай «ҚЫЗҒАЛДАҚТАР УАҚЫТЫ» атты жәрмеңкемізді ұсынамыз. Өйткені «Қызғалдақтар уақыты» – бұл сұлулықтың, қуаныштың пен ерекше сыйлықтардың мезгілі!

Қами Айтқалиевтің «Сан ғасырлық сарын» атты 80 жас мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтеді

2026 жылдың 17 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде суретші-монументалист, график, кескіндемеші әрі сәндік-қолданбалы өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Қами Айтқалиевтің «Сан ғасырлық сарын» атты 80 жас мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияда шебердің көпжылдық шығармашылық жолын және оның өзіндік көркемдік тілін көрсететін 60-тан аса туынды ұсынылады.

«XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеме» көрмесінің ашылуы өтеді.

2026 жылдың 3 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеме» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде еуропалық өнердің екі ғасырын қамтитын түрлі көркемдік мектептер мен бағыттардың көрнекті өкілдері саналатын шеберлердің жеке коллекцияларынан алынған 20-дан астам кескіндеме туындысы көпшілік назарына ұсынылады.

 

Көрме Қазақстандағы антикварлық өнер саласындағы ең ірі әрі беделді орталықтардың бірі – «Ампир» антикварлық салонынымен бірлесіп ұйымдастырылды. «Ампир» салоны көптеген жылдар бойы сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, кескіндеме, фарфор, жиһаз және зергерлік бұйымдарды іздестірумен, атрибуциялаумен және көпшілікке таныстырумен айналысып келеді. Салон қызметі мәдени мұраны сақтауға, сондай-ақ бірегей жәдігерлерді еліміздің музейлік қорларына қайтаруға бағытталған.

Экспозиция XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеменің академизм мен романтизмнен бастап импрессионизм мен модернге дейінгі негізгі бағыттарын қамтиды. Әрбір туынды тарихи-көркемдік анықтамамен толықтырылып, шығарманың жазылған кезеңін, авторлық мәнерін және түс, пішін мен жарық арқылы өрбитін әртүрлі мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы көркем диалогты ашып көрсетеді.