Оқиғалар

Қазақстанның көрнекті графигі және кескіндемешісі Аман Бақтығалиұлының (1945-2020) 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу көрмесінің ашылуы өтеді.

2025 жылдың 12 тамызында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның көрнекті графигі және кескіндемешісі Аман Бақтығалиұлының (1945-2020) 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу көрмесінің ашылуы өтеді.

 

Ретроспективті көрмеде автордың 1970 жылдардан 2020 жылдарға дейінгі аралықтағы 70-тен астам графикалық және кескіндемелік туындылары ұсынылған. Бұл - суретшінің Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейіндегі екінші жеке көрмесі. «Менің Қазақиям» атты алғашқы көрмесі 2006 жылы өткен болатын.

Ықласова Майса Қамысбайқызының «Киелі киіз өнерім» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

2025 жылдың 25 шілдесі күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлкеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Ықласова Майса Қамысбайқызының «Киелі киіз өнерім» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде 40‑тан астам киіз және графикалық туындылар ұсынылады.

 

Майса Ықласова 1956 жылы 12 шілдеде Ресей Федерациясының Новосібір облысы, Қарасұқ ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Ол - Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшесі, театр суретшісі, график және қолданбалы сәндік өнер шебері.

 

1979 жылы Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер училищесін бітірген. 1981-1986 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Алматы театр‑өнер институтында «Сценография, театр техникасы және спектакльді көркемдеу» мамандығы бойынша білім алған.

Суретші-график, кітап иллюстраторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Құраш Зульфикардың «Аңыздар ізімен» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

2025 жылғы 25 шілдеде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде суретші-график, кітап иллюстраторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Құраш Зульфикардың «Аңыздар ізімен» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

 

Көрме суретшінің 75 жылдық мерейтойына арналды. Бұл – Құраш Зульфикардың бүкіл шығармашылық жолын қамтитын үлкен көрме. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде салынған жүзден астам жұмысы осы жолы бір жерге тоғысып, көрерменге суретшінің жан-дүниесін, ізденіс пен өсу жолын көрсетуге мүмкіндік береді. Көрмеде алғашқы графикалық суреттерден бастап, кітаптарға салған иллюстрациялары мен соңғы жылдардағы нәзік акварельдеріне дейін бар.

«МЕРЕЙТОЙ ИЕЛЕРІ-2025» көрмесі ашылады.

2025 жылдың 18 шілдесінде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер  музейінің қорынан алынған «МЕРЕЙТОЙ ИЕЛЕРІ-2025»  көрмесі ашылады.

Ұсынылып отырған  көрме 2025 жылы мерейтойы атап өтілетін белгілі қылқалам шеберлерінің шығармашылығына арналған. Экспозицияға бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосып, еліміздің мәдени өмірінде өшпес із қалдырған суретшілердің туындылары қойылған. Бұл көрме ХХ ғасырда қазақстандық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасу кезеңінде еңбек еткен әр буын өкілдерінің шығармашылығын тоғыстырады.

Узбаева Майра Ізкенқызының «Ізкеннің арманы» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде автордың 21 туындысы ұсынылады.

2025 жылдың 10 шілдесі күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Узбаева Майра Ізкенқызының «Ізкеннің арманы» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде автордың 21 туындысы ұсынылады.

 

Узбаева Майра Ізкенқызы 1972 жылы 1 сәуірде Тараз қаласында дүниеге келген. Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталып, 1984 жылы Мемлекеттік көркемсурет мектебіне қабылданған сәттен бастап одан әрі шыңдала түсті. Мектепте композиция, сурет, кескіндеме, мүсін және өнер тарихы пәндерін меңгерді. Пленэрлік жұмыстарға қатысып, түрлі байқауларда өнерін танытты.

1989 жылы Жамбыл педагогикалық институтының Бейнелеу өнері және сызу факультетіне түсіп, кәсіби білім алды. Студент кезінде пастель, көмір, майлы бояу, акрил және акварель техникасында жұмыс істеді.