2025 жылдың 29 қазанында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан, 137) суретші Екатерина Терехованың «Солтүстіктен – Оңтүстікке сапар» атты жеке көрмесі ашылды.
2025 жылдың 7 қараша күні, сағат 16.00 де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында ҚР Суретшілер одағының мүшелері Құралай Аманжолова, Виктория Цой, Светлана Цой суретшілердің «АЛМАТЫДАҒЫ СЕРУЕН» атты бірлескен шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Экспозицияда 80 жуық кескіндеме туындылар қойылады.
Аталмыш көрмеде суретшілер пленэрлік туындыларында Алматы қаласының сұлу келбетін бейнелей отырып, күнделікті қозғалыс пен құбылыстың уақытын тоқтатып, қас қағым сәтті мәңгілікке айналдырғандай әсер қалдырады. Қылқалам шеберлері – Құралай Аманжолова, Светлана Цой, Виктория Цой әрбір сюжеттік композициясындағы ерекше палитра арқылы уақыт кеңістігінің динамикалық ырғағын сезінуге және сол атмосфераны еркін қабылдауға мүмкіндік береді. Әсіресе, жарық пен түстің қатынасы арқылы суретшілер қаланың таңғы сергектігін, түскі қарбаласын, кешкі тыныштығын бір мезетте көрсете, көрермендер сюжетпен тікелей байланыс орната алатындай әсер туғызған.
2025 жылдың 15 қазан күні 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан 137) «Арт-8» көркемсурет студиясының «Шығармашылық әлемі» атты көрмесі ашылады. Экспозицияда оқушылардың 70-тен астам жұмыстары қойылады.
«Арт-8» изостудиясы 2012 жылы құрылып, биыл өз жұмысын бастағанына 13 жыл толып отыр. Студияның негізін қалаған – бейнелеу өнерінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар, кәсіби шеберлігімен танылған ұстаздар: Касьяненко Татьяна Владимировна, Қалиева Асель Ануарбекқызы, Терехова Дарья Петровна және Шик Эленора Гарриевна.
2025 жылдың 9 қазан күні сағ 17:30-да Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залы (Желтоқсан көшесі, 137) Бағдат Сәрсеннің "Көкжиектің қос қыры» атты жеке көрмесі ашылады.
Өнерде форма мен мазмұн – суретшінің ішкі әлемін сыртқа шығарудың, әрі көрерменнің оны жүрекпен түйсінуінің негізгі өзегі. Бағдат Сәрсеннің еңбектері осы екі ұғымды ерекше тоғыстырады. Оның жазық бейнелері бізді ежелгі жартасқа қашалған суреттер мен мысырлық кескіндерге жетелейді. «1-ші композиция», «2-ші композиция», «Өтіп бара жатқанда», «Құдай-император» туындыларында көне грек өнерінің ықпалы айқын сезіледі, өйткені бейнелер көлемсіз, шартты түрде беріледі.
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі қазақ тіліндегі «Әсем Әлем» өнер академиясы эстетикалық-ағартушылық бағдарламасы аясындағы дәрістер легінің басталуын хабарлайды.
Тәжірибелі өнертанушылар дәріс тыңдаушыларын өнерді қабылдай білуден бастап, қоршаған дүниені тереңірек түсіну жолына жетелейтін қызықты саяхатқа шақырады.
Дәрістер бағдарламасы — бейнелеу өнерінің теориясы мен тарихына негізделген қызықты курс болып табылады. Ол бейнелеу өнерінің негізгі ұғымдары, категориялары, түрлері мен жанрлары, көркемдік тәсілдері мен әдістері жайлы мазмұнды ақпарат ұсынады. Қазақ тіліндегі бұл базалық курс 13 дәрістен тұрады, әр дәріс 1,5 сағатқа созылады. Бағдарламаның мақсаты — тыңдаушылардың жадысында материалды көрнекі ассоциациялар арқылы бекітіп қана қоймай, олардың эстетикалық тұрғыдан өз бетінше ойлай білу қабілетін дамыту.






