Оқиғалар

Исатай Исабаев

2026 жылдың 29 сәуір күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде «Исатай Исабаев: Көркем мұра» атты дөңгелек үстел мен шеберлік сабағы өтеді. Іс-шара 2026 жылғы 10 сәуірде ашылған, Қазақстан графика өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Исатай Исабаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Исатай Исабаев: Кітап әлемі» көрмесі аясында ұйымдастырылады.

Дөңгелек үстел көрме жобасының жалғасы болып, шебердің шығармашылық мұрасын кәсіби тұрғыда талқылайтын маңызды алаңға айналмақ. Басқосу барысында Исатай Исабаевтың көркемдік әдісі, графикалық тілінің ерекшеліктері, кітап иллюстрациясының қазақстандық өнер тарихындағы орны, сондай-ақ оның туындыларын музейлік кеңістікте таныту мен заманауи тұрғыда түсіндіру мәселелері сөз болады.

Суретшінің техникалық шеберлігі мен қолданған графикалық тәсілдеріне ерекше назар аударылады. Бағдарлама аясында линогравюра бойынша шеберлік сабағы өтеді. Оны суретші-график, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ Көркем-графика факультетінің оқытушысы Қанленов Мағауия өткізеді.

Қатысушыларға эстамп жасау үдерісі толық көрсетіледі: композиция дайындау, линолеумді ою, бояу жағу және баспа таңбасын алу кезеңдері таныстырылады. Бұл көрерменге дайын туындыны ғана емес, графикалық шығарманың дүниеге келу барысын, көркем ой мен қол еңбегінің дәлдігі тоғысатын сәтті көруге мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелге өнертанушылар, суретшілер, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы өкілдері, суретшінің туыстары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті оқытушылары мен зерттеушілері, сондай-ақ Т.К.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өкілдері қатысады.

 

Көрме жетекшісі – Жубанова Г.

«Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері

Instagram ресми парақшасы