2025 жылдың 12 желтоқсаны күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының Алматы облыстық филиалының кезекті есептік көрмесі ашылады.
Бұл көрмеге Алматы облысының түрлі аудандарынан жиналған, қазақ елінің өнеріне елеулі еңбек сіңіріп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған суретшілер қатысады. Олардың қатарында кескіндеме, графика, мүсін, дизайн және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының авторлары бар. Бүгінде олардың шығармалары көрерменнің көңілінен шығып, сұранысқа ие туындылар қатарынан орын алады.
Филиал суретшілері жыл бойы шетелдерде, еліміздің өзге қалаларында және Алматы өңірінде симпозиумдар мен пленэрлер ұйымдастырып, табиғаттың сан алуан күйін ашық аспан астында кенеп бетіне түсіруді дәстүрге айналдырған. Олардың жұмыстарынан табиғат сұлулығын дәл сезініп, түстерді шебер үйлестіре білгені, қылқаламды еркін меңгергені айқын байқалады. Сондықтан көрме барысында табиғаттың әр сәтіне үңіліп, оның көңіл-күйін сезініп, терең ойға батуға болады. Көрмеде кескіндеме бағытындағы жұмыстармен қатар сәндік-қолданбалы өнер туындыларын да тамашалау мүмкіндігі бар.
Көрме қатысушылары: Марат Абдреев, Нұрболат Искаков, Ермұхан Жүнісхан, Қазмұрат Боштаев, Әуелбек Искаков, Даулетбақ Малыбаев, Толқын Канкелді-Кәлимова, Тілек Чуленов, Берікқан Жақыпов, Марат Төтеев, Айсұлу Үсентаева, Айнұр Өмірзақ, Ақылбек Тәмпиев және Тимур Шәріпов.
- 2025 жылдың 16–25 қаңтары аралығында Алматы облысы Мәдениет басқармасы мен Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының қолдауымен, Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Марат Төтеевтің «Бір сәттің мәңгілік бейнесі» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
- Филиал мүшесі Ермұхан Жүнісхан 2025 жылдың қаңтар айында Түркияның Каппадокия өңірінде халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырды. Шараға Қазақстан мен Түркия суретшілері қатысты.
- 2025 жылдың 21 наурызында Қонаев қаласының орталық алаңында Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының Алматы облыстық филиалының суретшілері Наурыз мерекесіне орай көрме және ашық аспан астындағы пленэр өткізді.
- 2025 жылдың 3–5 мамыры аралығында филиал суретшілері Қонаев қаласында пленэр ұйымдастырып, өңір табиғатын кенеп бетіне түсірді.
- 2025 жылдың 8 мамырында Алматы облыстық музейлер бірлестігінің қолдауымен Ү. Кәрібаев музейінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшесі Әуелбек Искаковтың жеке шығармашылық көрмесі өтті.
- 2025 жылдың 14 мамырында Ақтау қаласындағы «Әлем Арт» галереясында Марат Төтеевтің «Мың бір бояу» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды.
- 2025 жылдың 21 мамырында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай еліміздің мәдени дамуына қосқан үлесі үшін Айсұлу Үсентаева «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
- Жамбыл облысы, Құлан ауданы әкімшілігі мен облыстық мәдениет басқармасының, атап айтқанда Әлімжан Айымбековтің қолдауымен және филиал төрағасы Марат Абдреевтің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 27 мамыры мен 1 маусымы аралығында Меркі қаласында «Құлан қылқалам өнерінде» атты республикалық пленэр өтті. Пленэрге филиал суретшілері қатысты.
- 2025 жылдың қазан айында Жамбыл ауданында Алматы облысы әкімінің халықпен кездесуінде Әуелбек Искаковтың жеке көрмесі ұйымдастырылды.
- 2025 жылдың 9–11 қыркүйегі аралығында Жетісу облысы, Текелі қаласында Ермұхан Жүнісханның ұйымдастыруымен пленэр өткізілді.
- 2025 жылдың 18 қыркүйегі мен 18 қазаны аралығында Астана қаласындағы «Сал Сері» галереясында Марат Төтеевтің «Дала нұры» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
- 2025 жылдың 22 қазанында Марат Төтеев Беларусь елінің Могилев қаласында өткен халықаралық пленэрге қатысты.
Филиал мүшелері жыл бойы Алматы қаласында, Алматы облысында және Қазақстанның басқа да өңірлерінде өткен түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, шығармашылық кездесулер мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырып отырды.
Көрмені 2025 жылдың 18 желтоқсанына дейін тамашалауға болады.
Жұмыс уақыты: 10:00-19:00
Демалыс күні: дүйсенбі
Көрме кураторы: Айсұлу Үсентаева

