2025 жылдың 9 қазан күні сағ 17:30-да Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залы (Желтоқсан көшесі, 137) Бағдат Сәрсеннің "Көкжиектің қос қыры» атты жеке көрмесі ашылады.
Өнерде форма мен мазмұн – суретшінің ішкі әлемін сыртқа шығарудың, әрі көрерменнің оны жүрекпен түйсінуінің негізгі өзегі. Бағдат Сәрсеннің еңбектері осы екі ұғымды ерекше тоғыстырады. Оның жазық бейнелері бізді ежелгі жартасқа қашалған суреттер мен мысырлық кескіндерге жетелейді. «1-ші композиция», «2-ші композиция», «Өтіп бара жатқанда», «Құдай-император» туындыларында көне грек өнерінің ықпалы айқын сезіледі, өйткені бейнелер көлемсіз, шартты түрде беріледі.
Фронталды қабылдау – бұл тура қабылдау дер едік. Мұнда ең бастысы – заттың баршаға ортақ, айқын пішінін ашып көрсету. Әрбір адам оны бірден тани алатындай болуы керек. Петроглифтер секілді, бұл да баршаға түсінікті болу үшін жасалған көркем шешім. Дегенмен, мұның бәрі тек сыртқы қарапайымдылық қана. Ішкі тереңіне бойлаған сайын, сол қарапайым пішіннің астарында тұтас бір әлем жасырынғанын байқайсың.
Бағдаттың шығармалары тақырыптық жағынан алуан түрлі. «2022», «Бұл қашан аяқталады?» картиналарында автордың саяси көзқарастарын байқауға болады. Ал «Менің досым Луо Си», «Менің көршім», «Сөмкесі бар ханым» сияқты еңбектері қазіргі адамның күнделікті өмірінен сыр шертеді. Сонымен қатар, суретші қазақтың аңыздарынан, тарихынан қуат алады. «12 ай», «Қарама-қайшылық», «Ана мен бала», «Қорқыт тарихы» сияқты туындылар ұлттық мәдени кодтарға сілтеме жасайды.
Бағдаттың барлық еңбегінде «көкжиектің қос қырын» көруге болады. Бұл – шығарманы қабылдаудың формалық және мазмұндық деңгейлері деп білеміз. Үлкен бейнелер қазақы ою-өрнектерімен көмкерілген. Осы қайталанатын өрнектер арқылы суретші бізді өзінің ішкі әлеміне жетелейді, бір бейненің ішінде тағы бір әлем ашатындай әсер қалдырады.
Бағдат біздің қабылдау қабілетімізді өзгеше қырынан ашады. Суретші өз картиналарындағы үшінші өлшемді әдейі формаға емес, мазмұнға бағыттайды. Форманың айқындылығы бізді шынайы өмірдегі сәйкестіктерді іздеуге емес, суретшінің өз әлеміне терең бойлауға шақырады.
Экспозиция 2025 жылдың 25 қазанына дейін жалғасады.
Кураторы: Оля Веселова