Оқиғалар

«Құдіретім – ҚЫЛҚАЛАМ!» көрмесі

2021 жылдың 17 қыркүйек күні сағат 16:00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР СО, және Евразиялық СО мүшесі, ҚР Көркемсурет Академиясының академигі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жанұзақ Мүсәпірдің «Құдіретім – ҚЫЛҚАЛАМ!» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Аталған көрмені суретші Қазақстан Республикасының 30-жылдығы, Жолбарыс би Жылқайдарұлының 350-жыл толуына, ҚР Көркем Академиясының 15-жылдығына, сондай-ақ шығармашылығының 40-жылдығы мен өзінің 60 жасқа толуы сынды бірнеше мерейтойға арнап отыр

Жанұзақ Мүсәпір шығармашылық қызметтің түрлі салаларында өзін белсенді көрсетті – теледидардағы режиссер, бірегей деректі фильмдердің авторы, көрмелердің кураторы, мүсін туындысын жасаушы және өзінің көркемдік табиғаты бойынша ең нәзік кескіндемеші. Тұрмыстық сюжеттер мен Қазақстан тарихының жекелеген мотивтері негізіндегі топтамалары, көптеген шығармалардың болмыстық атмосферасы оның шығармашылығына заманауи концептуалды дыбыс береді.

Жанұзақ Мүсәпір Керімбекұлы 1961 жылы 26 қазанда Алматы облысы, Балқаш ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Абай атындағы педагогикалық институтының көркемсурет факультетін бітірген. Бірнеше саланы тәжірбиесінен өткізуде мұғалім, мектеп директоры, Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-кескіндеме институтында оқытушы, және «Қазақфильм» киностудиясында суретші-режиссер, «Алматы», «Рахат», «Хабар агенттігі», «Қазақстан РТРК», «Мәдениет», «Білім және мәдениет» сынды ұлттық телеарналарда редакторлық қызметтен бастап түрлі ақпараттық дирекцияларды басқарған. Жанұзақ Мүсәпір қазіргі таңда «Абай» телеарнасында «Құдіретті қылқалам» атты суретшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған бағдарламаны жүргізіп жүр.

Экспозицияда суретшінің 2010 жылдардан бастап, 2021 жылдарға дейінгі 50 астам кескіндемелік туындылары қойылған. Мұнда тұрмыстық, пейзаж, тарихи, натюрморт сынды кескіндеменің түрлі жанрлары ұсынылған. Соның ішінде «Көкпар» (2010), «Келі түйген қыз» (2011), «Құрт жайған келіншектер» (2012), «Диірмен тартқан келіншек» (2014), сынды  қазақ халқының көне тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұлттық көріністі туындылары бар. Бұл шығармаларда  Ж. Мүсәпір реалистік кескіндеме мектебін қолдана отырып, композиция жасауда күрделі кеңістіктерді, түрлі ракурстарды қатар қолданады. Әр шығармадағы суретшінің кескіндемесінің түсі қарапайым және қысқа болып көрінеді. Дегенмен, күрделі реңдердің үйлесімі өткір жарық пен түстің қарама-қайшылықтары туындыларға күнделікті тіршіліктің көріне бермейтін қасиеттілігін ашады.

Жанұзақ Мүсәпір Керімбекұлы қалалық, облыстық, республикалық көрмелерге қатысқан, бірнеше жеке көрмесін өткізген. Оның картиналары Астана қаласы Назарбаев орталығында, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының көркемөнер музейлерінде, Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейінде (Көкшетау), Қазақстан, Ресей, Германия, Қытай, Польша және басқа да елдердің жеке коллекцияларда сақталған.

zhanuzak-002
zhanuzak-001
zhanuzak-003
zhanuzak-004