Events

Орталық көрме залында «Asia Art» шығармашылық бірлестігінің «Өмір жұпарын сезініп...» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді

2026 жылдың 3 наурызында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «Asia Art» шығармашылық бірлестігінің «Өмір жұпарын сезініп...» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

 

Өнер – халықтың тарихын, дүниетанымын және әлеуметтік болмысын айшықтайтын айрықша тіл. Көркем бейнелер арқылы еркіндік, туған жер, өмірдің мәңгілік айналымы сынды терең тақырыптар ашылады. «Asia Art» шығармашылық бірлестігінің бұл көрмесі көрерменді рухани шығармашылық үндестікке жетелей отырып, туған жерді сезімдердің тұтас спектрі арқылы көзбен көріп, қиялмен естіп, жанмен түйсінуге шақырады. Дала желінің сыбыры мен жусан аңқыған дала иісі көрме кеңістігінде бейнелі түрде тоғысады.

 

Экспозиция Қазақстанның көркем бейнесі арқылы жасалатын символдық сапарды ұсынады. Кескіндеме, графика және мүсін өнерінде ұшы-қиыры жоқ далалар, асқақ таулар, ұлттық киімдегі көшпенділердің әсерлі бейнелері мен киіздің табиғи жылуы көрініс табады. Астана, Алматы, Өскемен, Көкшетау, Павлодар және Тараз қалаларынан келген 23 автор өздерінің терең мағыналы «дала философиясын» ұсынады.

 

Көрмеге қатысушылар: Уразбекова Ирина, Булгакова Наталья, Битнер Карина, Абду Анет, Сафи Альфия, Панина Елена, Каркавина Елена, Амангелді Әліма, Зырянова Арина, Байжанов Мурат, Джанабаева Ольга, Мусаев Алиаскар, Штырлова Ксения, Жумашева Сауле, Кошен Жанат, Нургалина Зарина, Бахи Алтынсара, Фурса Елена, Шайхеслямова Диана, Кенбаев Алпамыс, Накисбекова Сарвар, Мамырбаев Жарас, Адильбаев Тимур.

 

Ұсынылған туындылар романтизмнен этно-символизмге дейінгі әртүрлі көркемдік бағыттарды қамтиды. Суретшілер халықтық тұрмыс бұйымдарын, жоралғылық қимылдарды және ою-өрнек сиқырын заманауи көркем тілмен үйлестіре отырып, көшпенділер мәдениетінің терең философиясын паш етеді. Әрбір ырғақ пен пластикалық шешім мәдени кодты сақтауға бағытталған.

 

Бұл жоба – тек кәсіби шеберліктің көрінісі емес, сонымен қатар Қазақстан өнерін кеңінен насихаттауға арналған маңызды мәдени қадам. Ол көрме қонақтарына Шығыс мәдениетінің байлығын сезініп, көпқырлы Азия өнері тудыратын жеке рухани ассоциациялар арқылы қиял әлемін байытуға мүмкіндік береді.

 

 

Көрме 2026 жылдың 13 наурызына дейін жалғасады.

Жұмыс кестесі: 10:00 – 19:00.

Демалыс күні: дүйсенбі.

Көрме кураторы: Г.А Исхакова