2026 жылдың 1 тамыз күні сағат 11:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде ұлттық бейнелеу өнерінің көрнекті шебері, Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романовтың (1926-2002) туғанына 100 жыл толуына арналған «Дала симфониясы» мерейтойлық көрмесінің ашылуы мен іс-шара аясында шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өтеді.
Сахи Романовтың шығармашылығы мазмұн тереңдігімен және айқын ұлттық сипатымен ерекшеленеді. Суреткер туындыларына бейнелі ойдың эпикалық кең тынысы, жоғары кескіндемелік шеберлік пен адам болмысын терең танып-білуге негізделген айрықша тереңдік тән. Ол 1949 жылдан бастап көрмелерге қатыса бастаған. 1955 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын (ВГИК, Мәскеу) тәмамдады. 1958 жылы КСРО Суретшілер одағына, ал 1960 жылы Кинематографистер одағына мүшелікке қабылданды. 1967 жылы оған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1981 жылы Қазақ КСР-інің халық суретшісі атағы берілді. 1955 жылы институтты тәмамдағаннан кейін Сахи Романов «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етті. Қоюшы-суретші ретінде ол «Өмір жолы» (1960), «Алдар көсе» (1964), «Ән қанаты» (1965), «Найзатас баурайында» (1969), «Құлагер» (1971) және өзге де фильмдердің жарық көруіне атсалысты. Көрмеде суретшінің кеңінен танылған графикалық және станоктық туындылары ұсынылған. Атап айтқанда, «Шопанның отбасы» (1969), «Жер туралы декрет» (1970), «Отан аспаны аясында» (1970), «Бұғаудан босау» (1970) секілді т.б.
Халық суретшісі Сахи Романовтың бұл мерейтойлық көрмесі оның кең көлемді көркем мұрасының тек аз ғана бөлігін ғана ұсынады. Бұл келушілерге шығармашылық өсу-өрісінің ауқымын бақылауға және дүниетанымы мен сезімдерін толық жеткізуге тырысқанда қолданған тақырыптары мен стилистикалық тәсілдерінің әлеуетін зерттеуге мүмкіндік береді.
Сахи Романовтың бейнелер әлемі өзінің эпикалық кеңдігімен, көркемдік шеберлігімен, сезім шынайылығымен, ой тереңдігімен және жарқын түстер үйлесімімен көрермендерді баурап келеді әрі Ұлы Дала елінің мәңгілік симфониясын құрайды.

