Events

«Пленер Пастель»

2026 жылдың 3 маусымында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «Жанасу II – Соприкосновение II» республикалық көрмесі ашылады. Қазақстандық пастель өнері шеберлерінің бірлестігі дайындаған бұл көрме өткен жылы кәсіби орта мен өнерсүйер қауым тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болған жобаның жалғасы болып отыр.

Пастель – шеберлердің қолында бар қырын ашып, сан алуан көркемдік әсер бере алатын, мүмкіндігі кең әрі жанды материал. Көрме кеңістігінде өзіндік өрнегі, дара техникасы және бояу мәнері бар әртүрлі авторлардың жұмыстары бір арнада тоғысқан. Пастельдің өзіне тән қасиеті, оның пигменті мен тығыздығы таңдалған қағаздың құрылымы мен түсіне қарай беткі қабатқа әртүрлі сипатта түсуіне мүмкіндік береді. Осының арқасында кейбір суретшілер жеңіл, мөлдір қабаттардың нәзіктігін көрсетсе, ал енді біреулері материалды өте тығыз әрі экспрессивті қолданатыны соншалық – көрерменде майлы бояу кескіндемесін тамашалап тұрғандай әсер қалдырады.

Екінші көрме жобаның ішкі эволюциясын нақ көрсетеді. Бастапқы шығармашылық ұжымға жаңа суретшілердің қосылуы экспозицияға тың колористік энергия мен өзгеше реңк әкелді. Зал кеңістігінде шағын натюрморттар, қалалық және далалық пейзаждар, сондай-ақ метафоралық сюжеттерге құрылған композициялар өзара үйлесім тапқан. Бұл туындылар суретшілердің тек техникалық еркіндігін ғана емес, сонымен қатар суретшілердің ішкі ізденісін, өмір құбылыстарының нәзік әрі құбылмалы күйлерін дөп басып бейнелей алу қабілетін көрсетеді. Көрмеге А. Хакимжанова, А. Тампиев, А. Татарова, А. Сластинова, А..Сафи, А. Овечкина, А. Фидирко, В. Трофимович, В. Татаринов, Г. Пащенко, Г. Умарова, Д..Куралбаев, Д. Залесская, Д. Муштак, Е. Попова, К. Ибраева, К. Рыбалко, Л. Логвинова, М..Мун, М. Бурманская, Н. Молокотина, Н. Сайгушева, О. Иконникова, Р. Сакович, С..Какоткина, С. Кравченко, С. Кушкова, Т. Максименко сынды суретшілердің еңбектері қойылған.

Суретшілердің пастельге деген көзқарасы бұл материалдың табиғатын терең түсінуге негізделген. Олар осы техника арқылы күрделі психологиялық көңіл-күйді, ішкі сезім мен жеке дүниетанымды еркін жеткізеді. Көрме ұзақ ізденістің нәтижесінде туған туындылардан құралған. Әр жұмыс өзіндік тұжырымдамалық тереңдікке ие. «Жанасу II – Соприкосновение.II» көрмесі құрғақ графикалық өнердің кескіндемелік қуаты мен күтпеген монументалдылығын жаңаша бағалауға мүмкіндік беріп, көрмені зерделі көзбен, байыппен, ішкі толғаныспен тамашалауға шақырады.

 

Көрме 2026 жылдың 25 маусымына дейін жалғасады.

Жұмыс уақыты: 10:00 - 19:00.

Демалыс күні: дүйсенбі

 

Куратор: Әбілхан Қастеев атындағы

 ҚР Ұлттық өнер музейінің

 «Музейлік педагогика және экскурсиялық қызмет»

 бөлімінің қызметкері Г.А. Исхакова.

Official Instagram Page