2026 жылғы 29 сәуір күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында №46 гимназия КММ-нің «Әлем – балалар көзімен» атты есептік көрмесінің ашылуы өтеді.
«Әлем – балалар көзімен» арт-жобасы балалардың қоршаған әлемді қабылдауын кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер арқылы көрсетеді. Көрме 6-11 жас аралығындағы жас суретшілердің шығармашылық жұмыстарын біріктіріп, әлемді жарқын да шынайы, қиял мен үмітке толы балалар көзімен көруге шақырады.
Экспозиция тақырыбы – табиғат пен достықты, отбасы мен бала арманын қамтиды. Көрмеге акварель, түрлі-түсті бояулар мен қарындашпен орындалған 130-дан астам туынды қойылады.
Арт-жобаның жетекшілері – кәсіби суретшілер Уразбекова Жанна Роланқызы мен Озджан Айман Жарқынбайқызы. Олар өз білімдері мен тәжірибелерін шәкірттеріне жеткізіп, кескіндеме, графика және композиция бағыттары бойынша сабақ береді. Қолайлы шығармашылық орта мен материалдардың кең таңдауы балалардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін қолдау, көркем ойлауын дамыту және эстетикалық талғамын қалыптастыру. Балалар шығармашылығы әрдайым өзекті. Өйткені олардың әлемге айтары мол.
Бұл көрме – мектеп үшін үлкен мақтаныш. Ол балалар мен ересектер арасындағы байланысты нығайтып, жас суретшілерге өз жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Ал ата-аналар мен ұстаздар үшін бұл – өскелең ұрпақтың табысына қуану сәті.
Баршаңызды сұлулық мерекесіне бірге куә болуға шақырамыз!
Көрме 2026 жылғы 3 мамырға дейін жалғасады.
Жұмыс уақыты: 10:00–19:00
Демалыс күні: дүйсенбі
Көрме кураторы: Айсұлу Үсентаева

