facebook-logo  twitter logo  odnokl-logo  youtube logo  logo-insta  vk logo
logo gmi-ru

суретші ә. қастеевтің музей-үйі

Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің үйін музейге айналдыру мқсатымен суретшінің отбасы 2004 жылы наурыз айында мемлекетке өткізген болатын. Бұл жыл Ә. Қастеев жылы деп аталып, ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен суретшінің 100 жылдық мерейтойы әр жерде аталып өтті. Суретшінің музей-үйінде ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің Ә. Қастеевтің мұрасын зерттеу орталығы орналастырылып, 2014 жылы 17 ақпанда келушілерге өз есігін ашты.

1955 жылы Ә. Қастеевтің үлкен отбасына арнап Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.А. Қонаевтың (Д.А. Қонаев бұл қызметті 1955 жылдан 1960 жылға дейін атқарды) нұсқауымен ХХ ғасырдың орта тұсында салынған бір қабатты үй бұл күнде тарих және мәдениет ескерткішіне айналған. 1958 жылы суретші өз отбасымен бірге осы үйге көшіп келеді, алайда 1966 жылы толығымен бұзылып, оның орнына басқа үй тұрғызылады, ал 1968 жылы шеберхана жапсарластырыла салынып, осында суретші өзінің көптеген туындыларын дүниеге әкеледі. Үйдің құрылысы Алматы қаласының бас сәулетшісі Н. Оразымбетовтің жобасымен салынды. Алматы қаласының шығыс жағында Кіші Алматы өзенінің жағасындағы Бекхожин (б. Городская к.,) көшесінде тұрған үй әу бастағы қалпында сақталған: қонақ бөлме, 3 жатын бөлме, ас үй, жуынатын бөлме, дәліз; үйдің қасында бақ бар. Музейдің жалпы аумағы – 0,7 га, үйдің жалпы аумағы – 142,5 м2, оның экспозиция-көрме аумағы – 100 м2, қызмет аумағы – 40 м2.

Ә. Қастеев  осында 1958 жылдан өмірінің соңына дейін, яғни 1973 жылғы 2 қарашаға дейін тұрды. Шеберханада «Амангелді сарбаздары», «Қапшағай ГЭС-і», «Кенен Әзірбаев» сынды кескіндемелік жұмыстары мен сандаған акварельдік жұмыстары туындады. Үйге суретшілер, артистер, жазушылар, ақындар, музыканттар, ұстаздар, студенттер, журналистер,  жерлестері мен туыстары бас қосып, өнер жайлы, толғақты мәселелер мен олардың шешімі турасында және тағы басқа толып жатқан дүниелер әңгімеге арқау болатын. Бұл үйге қазақ интеллигенциясының ең тамаша өкілдері – белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев, биші Шара Жиенқұлова, Өзбекстан суретшісі Орал Таңсықбаев, Қырғызстан суретшісі Гаппар Айтиев, кинооператор әрі кинорежиисер – Ескендір Тынышбаев (қазақ қоғам қайраткері, «Алашорда» мүшесі Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы) жиі ат басын бұратын. Ел арасында мәлім болып кеткен Қастеевтің үйінде самаурынның түбінде отырып шай ішу – адам бойына дамыл беріп қана қоймайтын, онда өнер жайлы әңгіме сөз қозғалып, пікір алмасулар болатын, мәдениеттің соңғы жетісіктері талқыланып, елдің болашағы жайлы армандарымен бөлісетін. Осы үйге түрлі шет елдік делегациялар да келіп қонақ болатын, атап айтқанда, олар: Рокуэл Кент бастаған американдық делегация, Армения, Моңғолия, Венгриядан келген өнер қайраткерлерінің делегациясы. Хакімжан Наурызбаев, Молдахмет Кенбаев, Үкі Әжиев, Сахи Романов, Әубәкір Ысмайылов, Жанатай Шәрденов және т.б. көптеген аға буын суретшілер осындағы шығармашылық шай ішулердің жиі қонағы болатын.

Музей-үйдің экспозициясына Ә. Қастеев пен оның отбасы мүшелерінің заттары мен қолданған бұйымдары қойылды. Мұндағы әрбір экспонат – шығармашылық процеске қолданылған немесе тұрмыстық бұйымдар. Жиһаз, мольберт, тұрмыстық бұйымдар, этюдниктер, Ә. Қастеевтің өз қолымен жасалған графиканы сақтап, алып жүруге ыңғайлы жәшіктер, фотоматериалдар, мұрағат құжаттары осы жерде жайғастырылған.         

Ә. Қастеевтің мұрасын зерттеу орталығы Әбілхан Қастеевтің көркемдік мұрасын жинап, оны зерттеумен, ағартушылық және білім беру қызметімен айналысады. Ә. Қастеевтің музей-үйінде суретшінің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Тұрақты экспозициядан басқа балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының көрмелері де өткізіледі, экскурсия жүргізіліп, суретшілермен және басқа да шығармашылық интеллигенциямен кездесулер ұйымдастырылады.

Ә. Қастеевтің музей-үйінің орналасқан мекен-жайы: Алмты қ., Бекхожин к., № 6 А үй.

Телефон 291-89-08