facebook-logo  twitter logo  odnokl-logo  youtube logo  logo-insta  vk logo
logo gmi-ru

Қазақ халқының тарихына арналған
кескіндемелік және мүсіндік туындылардың
«Бабалар аңсаған Тәуелсіздік»
Ұлттық конкурсы
contest 1

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі ҚР Ұлттық музейімен бірігіп Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-конкурсын ұсынды. 

Биылғы жылы қазақ елі өз Тәуелсіздігін алып, іргелі ел болғанына 25 жыл толды. Ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігіміздің беріктігін сақтап, оны одан әрі нығайта түсу – рухани және мәдени саланы өркендетуде маңызды орын алары сөзсіз. Осы орайда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі ұйымдастырған «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-конкурс еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бастамаға айналды.

Конкурс «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының контексінде contestn 2еліміздің біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыруға бағытталған әрі мемлекеттік саясаттың дамуына өнер арқылы қосқан зор үлес болмақ. Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының тарихындағы беймәлім беттерді көрсетіп, көркем образдар туындыту, ел есінде қалған тарихи тұлғаларды сомдау.

Екі аталымдағы (кескіндеме және мүсін) ауқымды жоба тарихи тақырыпқа арналған көркемдік туындылар шығаруды шарт қылды.

Республика көлемін қамтыған жобаға көптеген суретшілер қызығушылық танытып, еліміздің Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Атырау, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Түркістан сынды ірі қалалары мен аймақтарынан кескіндемешілер мен мүсіншілер қатысты. Екі кезеңнен тұрған конкурстың алғашқысында, эскиздерді іріктеуге 90-ға жуық суретші қатысса, оның 67-сі екінші кезеңге өтті. Байқаудың екі кезеңінде де негізгі шарттарға сәйкес жұмыстарды барлық талаптар бойынша ұсыну көзделді. Сол талаптардың басты әрі маңыздысы – туындыларды «реалистік мәнерде» орындау болды.

Төл тарихымызға арналған конкурсқа ұсынылған жұмыстар алуан түрлі. Оларда халықтың ұлттық сана-сезімін танытатын тақырыптарға деген қызығушылығы арта түсіп, тарихымызды жаңаша саралау жалғасын тапты. Тарихқа үңіліп, ұлттың тағдыр-талайын, бастан өткен ауыртпалықтарын ұғып, сол жолдағы бабаларымыздың ерен ерлігіне сүйсіну секілді, асқақ отаншылдық сезімге баулу, елін сүю, қасықтай қаны қалғанша жерін қорғау – барлық тарихи шығармалардың айтар тағылымы екені аян. Яғни, көрмедегі туындылар үлкен форматтағы, көп фигуралы, композициялық құрылымы жағынан күрделі, тақырыптық трактовкасы мен түстік бояу шешімі жағынан сан алуан. Оған жақсы мысал ретінде, Д. contestn 3Қастеевтің «Ақтабан шұбырынды» триптихы, М. Нұрғожиннің «Қасым сұлтан ұстаханаға келді», Ә. Жақыпбектің «Алтын Орда хандығының құрылу қарсаңы», А. Дүзелхановтың «Оразмұхамед Касымұлы Борис Годунов патшаның қабылдауында», Ә. Сапуговтың «Орыс елшісі А.И. Тевкелевтің Әбілқайыр ханның ордасындағы миссиясы», Б. Мырзахметовтың «Әз Тәуке. Жеті жарғысы», Н. Килібаевтың «Елім-ай», Т. Тілеужановтың «Барлау», Қ. Омарханның «Батыр бабалар-2», Е. Кимнің «Бұланты шайқасы» және тағы да басқа көптеген қылқалам шеберлерінің кескіндемелік шығармаларын ерекше атап өтуге болады. Е. Айтуаров, Р. Садығұлов, С. Әлжан, Н. Аштема, Ә. Жантасов, М. Рахымжанов, А. Ғұбашев, жас суретшілер Н. Әлібек, Д. Үсенбаев, А. Нұрғожаев, Е. Болатхан және тағы басқаларының тарихи оқиғалар мен тұлғаларды эпикалық кеңдік пен көркем бейнелерге айналдырған жұмыстары көпшілік көңілінен шықты. Олардың шығармалары отандық бейнелеу өнерінде қалыптасқан классикалық-реалистік тәсіл мен дәстүрлі кескіндеменің өз жалғасын табудағы басты бағыттардың бірі екеніне айқын дәлел бола алды.

Конкурсқа мүсіншілер қауымы да белсене ат салысып contestn 4М. Әмірхановтың «Абылай хан», Б. Мұхамеджановтың «Ұлы жырау Кетбұға», Е. Мақұлбаевтың «Шыңқожа батыр», Қ. Дулатовтың «Сатай батыр», Б. Жуасбаевтың «Ақан сері», Б. Қайранбайдың «Қожбанбет би» және тағы басқаларының мүсіндік туындылары келіп түсті. Түрлі материалда орындалған мүсіндік композицияларда, авторлар ел есіндегі тарихи тұлғалардың, батырлардың ерліктеріне сәйкес жиынтық образдарын сомдауға талпынған.

Ұлттық тарихқа үңілумен бірге суретшінің шындық пен қиялдың қосындысынан қайта жаңғырған тұлғалардың ерлігі жас ұрпақтың санасына, жадына бейнелі түрде ұсынылады. Бұл бастама отандық өнердің өркендеп дамуына өз ықпалын тигізері сөзсіз.

Көрме-байқаудың жүлдегерлері:
I орын – Дәурен Қастеев, «Ақтабан шұбырынды» триптихы, кескіндеме;
II орын – Мейірбек Нұрғожин, «Қасым Сұлтанның ұстаханаға келуі», кескіндеме;
III орын – Әсет Жақыпбек «Алтын Орда қарсаңында білім беру», кескіндеме.

Ынталандыру сыйлықтары:
Макин Дәурен – «Голодомор – нан», кескіндеме.